Айтылу кезінде ауаның еркін шықпай, кедергіге ұшырап шығуынан жасалған дыбыстарды дауыссыз дыбыстар дейміз. Дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен жанасуы немесе толық қабысуы арқылы пайда болады. Дауыссыздардың басты ерекшеліктері: - дауыссыздардың жасалатын орны – ауыз және көмей қуыстары; - дауыссыз қатаңдарда мүлде үн болмаса, ұяңдарда – үннің қатысы жартылай болады да, ал үнділерде - бәсең үн болады; - дауыссыз қатаң және ұяңдардың ішкі сапасы – таза салдырдан тұрады деуге болады ал, үнділерде сөйлеу мүшелерінің (тіл, ерін, жақ) бір-біріне жуықтауы, түрленуі, көлемін өзгертуі көмей арқылы келген ауаға пәлендей кедергі бола алмайды; - дауыссыз қатаң және ұяңдарды - көтеруге, созуға, әуенін өзгертуге мүлде болмаса, ал үнділерді керісінше – көтеруге, созуға, әуенін өзгертуге болады; - дауыссыздардың үн сапасында - жаңғырық болмайды; - дауыссыздар сөз ішінде жалқы тұрып буын құрай алмайды. Қазақ тіліне тән дауыссыз дыбыстар жүйесін мына дыбыстар құрайды: б, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ш. Дауыссыз дыбыстардың жіктелуі Қазақ тіліне тән дауыссыз дыбыстар дауыс қатысына және жасалуына қарай өзара бірнеше топтарға бөлініп, жүйеленеді. Олар: - үн мен салдырдың қатысына қарай: қатаң, ұяң және үнді дауыссыз дыбыстары; - айтылу жолына қарай: шұғыл, ызың және діріл дауыссыз дыбыстары; - жасалу орнына қарай: ерін және тіл дауыссыз дыбыстары. 1. Қатаң дауыссыздар Тек салдырдан жасалған дауыссыз дыбыстарды қатаң дауыссыздар деп атаймыз. Қатаң дауыссыздарға мыналар жатады: к, қ, п, с, т, ш 2. Ұяң дауыссыздар Үн мен салдырдың қатысы арқылы жасалған дауыссыз дыбыстарды ұяң дауыссыздар деп атаймыз. Ұяң дауыссыздарда үннен гөрі салдыры басым болады. Ұяң дауыссыздарға мына дыбыстар жатады: б, г, ғ, д, ж, з. 3. Үнді дауыссыздар Үн мен салдырдың қатысынан жасалып, бірақ салдырдан гөрі үн басым болатын дыбыстарды үнді дыбыстар деп атаймыз. Үнді дауыссыздар жұмсақ таңдайдың қалпына қарай екіге бөлінеді: - ауыз жолды: й, л, р, у; - мұрын жолды: м, н, ң. 4. Ерін дауыссыздары Сөйлеу мүшелері: қос еріннің түрліше қызмет атқаруы нәтижесінде жасалған дауыссыз дыбыстарды ерін дауыссыздары деп атаймыз. Ерін дауыссыздарына мыналар жатады: б, м, п, у. 5. Тіл дауыссыздары Сөйлеу мүшесі болып табылатын тілдің түрліше қызметі арқылы пайда болатын дауыссыз дыбыстарды тіл дауыссыздары деп атаймыз. Тіл дауыссыздары тілдің қатысына қарай үшке бөлінеді: - тіл алды: д, ж, з, й, л, н, р, с, т, ш; - тіл ортасы: г, к; - тіл арты: ғ, қ, ң. 6. Шұғыл дауыссыздар Фонациялық ауа тербелімінің ауыз қуысында толық тосқауылға ұшырауынан пайда болатын дауыссыз дыбыстарды шұғыл (тоғысыңқы) дауыссыздар деп атаймыз Шұғыл дауыссыздарға мыналар жатады: б, г, ғ, д, к, қ, м, н, ң, п, т. 7. Ызың дауыссыздар Фонациялық ауа тербелімінің ауыз қуысында саңылау өткелі арқылы өтуінен пайда болатын дауыссыз дыбыстарды ызың (жуысыңқы) дауыссыздар деп атаймыз Ызың дауыссыздарға мыналар жатады: ж, з, й, л, с, у, ш. 8. Діріл дауыссыз Фонациялық ауа тербелімінің ауыз қуысында дыбыстау үзілісі мен тосқауылға ұшырауынан пайда болатын дауыссыз дыбысты діріл дауыссыз деп атаймыз. Ол р дыбысы болып табылады. |